homepage
Фото: gov.kz

Қазақстан мен Швейцария жақындай түспек

28.11.2025, 11:06

Швейцария вице-президенті Ги Пармелен 28 қарашада Астанаға ресми сапармен келеді. Сапар барысында екі ел арасындағы саяси және экономикалық серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстан мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы басталды. Швейцария Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды әріптестердің бірі: 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асты, ал швейцариялық тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 35 млрд доллардан асқан. Өндірістік кооперацияның да үлесі бар: Stadler Rail Қазақстанда 537 жаңа вагон шығарып, ұзақ мерзімді қызмет көрсетуді және 35 пайызға дейінгі локализацияны жоспарлап отыр.

Екі жақ энергетика, минералды ресурстар, өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру, жасыл технологиялар, логистика және инфрақұрылым бағыттарында әріптестікті күшейтуге мүдделі. Сонымен бірге Швейцарияның дуалды білім беру үлгісін Қазақстан тәжірибеге енгізбек. Қалаларды басқару, «ақылды қала» технологиялары және жоғары экологиялық стандарттар саласында да ынтымақтастыққа мүмкіндік бар.