Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық ахуалдың бақылауда екенін және коронавирус пандемиясы кезеңіндегі тәртіпке қайта оралуға қажеттілік жоғын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрліктің дерегінше, 1 қыркүйектен бері республикада 1 миллион 863 мыңнан астам жедел респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелді. Ең көп науқас Алматыда, Астанада және Шымкентте анықталған. Бір эпидмаусымда елде 4 миллионға дейін ЖРВИ және 2 мыңға дейін тұмау жағдайы тіркелетіні ресми мәліметте көрсетілген. Биыл зертханалық түрде расталған тұмаудың 1 253 жағдайы тіркелген, оның 1 250-і А (H3N2) вирусы, үш жағдай А (H1N1) вирусына тиесілі.
Министрлік қазіргі ахуалды маусымдық үрдіске сай дамып жатқан, «бақылаудағы жағдай» деп бағалап отыр. Міндетті маска тағу мәселесі қарастырылмайды. Дегенмен ведомство халыққа эпидөсу кезеңінде халық көп жиналатын орындарда маска қолдануды ұсынады. 1 қазаннан бастап медицина ұйымдарында маска тәртібі енгізілген.
Шектеулер тек эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлаған кезде, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің шешімімен ғана қабылданады. Министрлік қазіргі көрсеткіштердің пандемия кезіндегі жағдаймен салыстыруға келмейтінін, шектеулерді қайтаруға себеп жоқ екенін айтты. Бұған бірнеше фактор негіз болған: вирустардың зерттелуі, тұмауға қарсы тиімді вакцинацияның болуы, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің басқарыла алуы.
Ведомствоның айтуынша, аталған факторлар эпиджағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр және пандемия деңгейіндегі шектеулерді қажет етпейді.
ЖРВИ және тұмау маусымында азаматтарға гриппке қарсы екпе алу, жеке гигиенаны сақтау, үй-жайды желдету, көпшілік орындарды мүмкіндігінше азайту ұсынылады. Симптомы бар балаларды мектеп пен балабақшаға жібермеу қажет. Министрлік бұған дейін ауру жұқтырған бала саны көбейгендіктен, еліміздің бірнеше өңірінде 250 мыңға жуық оқушы қашықтан оқуға ауыстырылғанын хабарлаған.