Байқоңырдан ұшырылған «Союз МС-28» зымыранының сатысы Ұлытау облысының аймағына құлады. Министрлік оның халыққа да, табиғатқа да титімдей зияны жоқ деп сендіріп отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
27 қарашада Астана уақытымен 14:27-де «Союз МС-28» пилоттық кемесі бар зымыран штаттық тәртіппен ұшырылған. Саты құлаған аумаққа Қазақстан және Ресей экологтары мен «Роскосмос» өкілдері тексеріс жүргізіп, экологияға зиян келген жоқ деген қорытынды жасады. Ведомство зымыранның керосин мен сұйық оттегін пайдаланатынын, құлаған бөлшектерден радиациялық немесе химиялық қатер жоқ екенін хабарлады.
«Роскосмос» зымыран ұшырылғаннан кейін Байқоңырдағы старт үстелінің бірнеше элементі зақымданғанын растады. Агенттік мұндай жағдай әлемдік тәжірибеде кездесетінін, сондықтан әр зымыран ұшырылған соң міндетті техникалық тексеріс жүргізілетінін атап өтті. Қазір старт кешенінің жағдайы бағалануда. Мәліметке сәйкес, жөндеу үшін барлық қосалқы бөлшек бар, зақым жақын уақытта қалпына келтіріледі.