Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті. Алғашқы отырыста прокурор Нұрлан Билібеков айыптау актісін жариялап, сотқа тергеу материалдарын ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу нұсқасы бойынша, отбасындағы жанжал трагедиядан екі апта бұрын басталды. Сол кезде Айзат Жұманова күйеуі Айбар Жанболатпен сөзге келіп, ашу үстінде телефонын сындырып жіберген. Осы оқиғадан кейін ерлі-зайыптылар бір-бірімен сөйлеспей жүрген.
Қанды оқиға болған күні Айбар Жанболат мас күйінде үйге оралып, әйелінің телефонмен сөйлесіп тұрғанын көреді. Прокурордың пайымынша, осы кезде күдіктінің қызғаныштан кісі өлтіру ниеті туған. Түн ортасында ол әйелін Баласаз ауылындағы үйдің қақпасынан шығарып, қолымен және аяғымен бірнеше мәрте соққы жасаған. Жәбірленуші жылап тоқтатуды сұраса да, соққыны үдете түсіп, ақыры Айзат есінен танып құлаған.
Ауыр жарақаттанған Айзатты ол облыстық ауруханаға жеткізеді, алайда дәрігерлер келіншекті аман алып қала алмады, ол жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Айбар Жанболатқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша айып тағылды. Іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаралып жатыр. Бұған дейін қорғаушылар сот процесін жабық түрде өткізуді сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, істі ашық форматта қарау туралы шешім қабылдады. Негізгі сот отырысы 2025 жылдың 5 желтоқсанында өтеді.