АҚШ-та Ақ үй маңындағы қарулы шабуыл бойынша деректер анықталып жатыр. 26 қарашада Вашингтонның орталығында Ұлттық гвардияның екі сарбазы қызмет барысында автоматпен атылды. Федералдық тергеу бюросы оқиғаны террорлық әрекет ретінде қарап отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полиция мәліметінше, шабуыл жасаған адам — Ауғанстаннан келген 29 жастағы Рахманулла Лаканвал. АҚШ-қа 2021 жылы эвакуацияланған босқындар бағдарламасымен кірген. Лаканвал оқиға орнынан қашуға тырысқанымен, бірнеше минуттан кейін ұсталды. Сарбаздардың жағдайы ауыр, екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр.
ABC News дерегінше, шабуыл «нысаналы түрде жасалған». The Guardian шабуыл орнында әскери нысанға бағытталған әрекет белгілері анықталғанын хабарлады. Полиция Лаканвалдың әлеуметтік байланыстарын, шетелдік ұйымдармен ықтимал қатынасын тексеруде.
Оқиға АҚШ қоғамында қызу талқыланып жатыр. Президент Дональд Трамп халыққа үндеу жасап, мұндай қылмыстарға ең қатал жаза қолданылатынын айтты. Ол Ауғанстаннан келген мигранттарды қайта тексеруді тапсырды, ал Ақ үй шұғыл түрде Ауғанстан азаматтарына берілетін кіру рұқсатнамасын тоқтатты.
Қазіргі уақытта Лаканвал федералдық айып тағу үшін ФБР-дің қамауына алынған. Тергеу терроризм бабы бойынша жүріп жатыр.