Қазақстанда ауыл шаруашылығында құны 180 млрд теңгеге жуық екі ірі жоба жүзеге асады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында 110 млрд теңгелік қант зауыты салынады. Кәсіпорын жылына 200 мың тоннаға дейін өнім өндіреді деп жоспарланған.
Сонымен бірге Польшадан келген инвестор 68,8 млрд теңгеге жылына 36 мың тонна көкөніс өсіретін ірі жылыжай кешенін салуға мүдделі. Ол Шымкентте бой көтеруі мүмкін.
Министрлік шетелдік және отандық компаниялардың қатысуымен дәнді дақылдарды терең өңдеуге арналған тағы жеті жаңа жобаны бастау жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей бірлескен астық өңдеу кластерлерін құру мәселесін талқылап жатыр.
Бұған қоса, бірнеше облыста суармалы жүйелерді енгізу жобасы жүріп жатыр. Жамбыл, Алматы, Жетісу, Түркістан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында 30 мың гектар жайылым мен тың жерлер кезең-кезеңімен суармалы алқапқа айналдырылады. Бұл мақсатқа жер асты сулары мен су үнемдеу технологиялары қолданылмақ. Жобаның алғашқы кезеңіне 500 млн доллар қажет, оның 110 млн доллары – жеке инвестиция. Алғашқы кезеңде 150 мың гектар жер жаңа технологияға көшіріледі.