homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Алматыда қаңтар оқиғасына қатысты тағы 29 адамға үкім шықты

27.11.2025, 12:01

Қалалық соттың мәліметінше, іс жабық тәртіпте қаралып, айыпталушылар әртүрлі баптар бойынша кінәлі деп танылды. Оларға ұйымдасқан топқа қатысу, жаппай тәртіпсіздікке араласу, адам ұрлау, бостандықтан заңсыз айыру, көлік айдап кету, қару-жарақты заңсыз сақтау мен тасымалдау сияқты айыптар тағылған деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сот 29 адамның әрқайсына 3 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Екі адам жазасын өтеп қойғаны үшін босатылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ал айыпталушылардың жеке деректері жарияланбады. Сот бұл шешімді мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды жарияламау қажеттілігімен түсіндірді.

Бұған дейін Алматыда Арман Жұмагелдиевке («Дикий Арман») қатысты апелляциялық шағым қаралып, алғашқы үкім өзгеріссіз қалдырылды. Ол биыл 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді.