homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда экспортқа тыйым: депутат фермерлердің табысы құлдырайтынын ескертті

27.11.2025, 09:33

Қазақстанда көкөніс экспортына тыйым салу мәселесін үкіметтің өзі емес, алдын ала Мәжіліс комитетінде талқылау қажет. Бұл ұсынысты депутат Аманжол Алтай айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның сөзінше, фермерлер қазір жоспарланып отырған картоп экспортының шектеулеріне қатты алаңдаулы.

Депутат шектеу қою алдында фермерлер мен қоймалардағы нақты қорды тексеру, Ресей мен өзге елдерден келетін импорт пен транзитті талдау, өнімнің «Қазақстаннан шыққан» деген жалған белгімен кері экспортталу тәуекелдерін бағалау керек дейді.

Аманжол Алтайдың айтуынша, үкімет өкілдерінің экспортты тоқтату туралы бір ғана мәлімдемесі нарықта бірден дүрбелең туғызады. Өзбекстан тәрізді негізгі сатып алушылар келісімдерді тоқтатады, вагон беру қиындайды, ал мемлекеттік органдар фитосанитариялық құжаттарды созбақтай бастайды.

Биыл Қазақстанда 2,9 млн тонна картоп жиналды, бұл былтырғыдан 20 пайыз көп. Ресейде де өнім мол. Екі елдің негізгі сатып алушысы – Өзбекстан. Егер Қазақстан экспортты жапса, одан тек өз фермерлері ұтылатынын депутат ашық айтты. Өйткені табыс азаяды, қарыз бен жалақы төлеу қиындайды.

Бұған дейін үкімет картоп, жұмыртқа және қарақұмықтың қымбаттауына алаңдаушылық білдірді. Ал картоп өсірушілер одағының төрағасы Байжан Уалханов мемлекеттік органдардың болжамсыз әрекеті салдарынан Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстан нарығын жоғалтуы мүмкін екенін ескертті.