Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында жиһаз өндірісінің ақшалай көлемі 120,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 1,5 есе артты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл тіпті 2024 жылдың толық жылдық көрсеткішінен де жоғары. Бірақ физикалық көлем индексі 99,9 пайыз ғана болып, нақты өндіріс көлемінің тоқырап тұрғанын байқатты.
Елдегі жиһаздың үштен бірінен астамын Алматы қаласы (24,6 млрд теңге) мен Алматы (22,3 млрд) және Түркістан (16,4 млрд) облыстары шығарады. Әсіресе Алматы облысында өндіріс ақшалай есепте екі еседен астам артты.
Ішкі нарықтағы сұранысты өтеу бойынша отандық фабрикалар биыл ас үй жиһазының 71 пайызын, ағаштан жасалған кеңсе жиһазының 83,1 пайызын қамтамасыз етті. Керісінше, бұл санаттардағы импорт азайған. Соған қарамастан, ас үй жиһазының ішкі сатылымы 18,3 пайызға қысқарған, ал кеңсе жиһазының сатылымы 25,2 пайызға өсті.
Сауда нүктелеріне арналған ағаш жиһазы сегментінде отандық үлес күрт төмендеді. Былтыр сұраныстың 70 пайызы жергілікті өндірушілерден жабылса, биыл бұл көрсеткіш 7,4 пайызға дейін құлдыраған. Импорт 18,8 есе өсті.
Асхана мен қонақ бөлме жиһазында отандық үлес аздап өсіп (18,6 пайыз), импорт 11,7 пайызға төмендеді. Бірақ ішкі сатылым жалпы 6,5 пайызға азайды.
Орындықтар мен басқа да отырғыш жиһаздары бойынша отандық өндірістің үлесі біршама артқанымен, импорт тек металл қаңқалы орындықтар санатында өсті.
2025 жылдың қазан айында жиһаз бен үйге арналған тауарлардың бағасы бір айда 0,3 пайызға, жыл ішінде 8,2 пайызға қымбаттады. Ең қатты өскендері: жатын бөлме жиынтығы (8,7 пайыз), диван-кереуеттер (8,5 пайыз), үстелдер (8,3 пайыз) және орындықтар (7,3 пайыз).