Жетісу облысында Талдықорғанның фельдшерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері президент пен денсаулық сақтау министріне үндеу жолдап, төмен жалақы мен ауыр еңбек жағдайына назар аударуды сұрады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Олар күн сайын адам өмірін құтқаруға араласса да, еңбекақысы минималды деңгейде қалып отырғанын айтады.
Бұл видеоүндеу соңғы апталардағы үшінші шағым. Шудан және Теміртаудағы фельдшерлер де дәл осындай мәселелерді көтерді. Шудағы медицина қызметкерлері қағаз жүзінде 450 мың теңге деп көрсетілетін жалақының іс жүзінде 180 мың теңгеден аспайтынын айтқан. Жедел жәрдем бөлігі жарықсыз, суық ғимаратта орналасқаны да мәлім болды.
Теміртаудағы бригада мүшелері айына 200 мың теңгеге зиянды жағдайда жұмыс істеп жүргендерін, машиналар қажетті құралдармен жабдықталмағанын айтады.
Министр Ақмарал Әлназарова бұл шағымдарға жауап беріп, жедел жәрдем қызметінің еңбекақы жүйесіне кешенді аудит жүргізуді тапсырды және «дайын шешіммен» қайта оралатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, жуырда министрдің қымбат брендтердегі киімдері қоғамда сынға ұшырап, оның бұл сұрақтарға жауап бермегені де көпшіліктің назарын аударды.