Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесі отырысын өткізіп, компанияны терең трансформациялау мәселесін талқылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Үкіметтің мәліметінше, директорлар кеңесі 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Онда холдингті жаңғырту шаралары, корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру және еншілес ұйымдардың инвестициялық белсенділігін арттыру бағыттары белгіленді.
Отырыста акционерлік қоғамның атауы мен мәртебесі ресми түрде өзгертіліп,«Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингі» енді «Бәйтерек ұлттық инвестициялық холдингі» болып қайта құрылады.
Олжас Бектеновтың айтуынша, холдингтің басты міндеті – Қазақстанға ірі инвесторларды тартуға арналған тиімді тетікке айналу. Бұл инвесторлар елге қаржы ғана емес, жаңа технология мен салалық құзыреттер де әкелуі тиіс.
Жаңадан қалыптасатын инвестициялық холдингке инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдау бойынша қосымша өкілеттік беріледі. Негізгі басымдықтар: инвестиция тарту көлемін ұлғайту, ішкі өндірісті дамыту және импортты алмастыру.
Бұған қоса, үкімет «Бәйтеректі» капиталдандыруды жалғастырады: 2026 жылы холдингке тағы 1 трлн теңге бөлінеді. Бұл қаражат өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымдағы басым жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады.
Өз кезегінде, «Бәйтерек» жыл сайын қаржы нарығынан 7 трлн теңгеге дейін қаражат тартады. Бұл сыртқы да, ішкі де инвесторлардан алынып, ұлттық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Трансформация нәтижесінде «Бәйтерек» капиталды белсенді тартатын, экономиканың басым салаларына инвестиция құятын ұлттық инвестициялық орталыққа айналуы тиіс.