homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Автокөлік саудасында жаңа қауіпсіз төлем жүйесі енгізіледі

26.11.2025, 12:41

Ішкі істер министрлігі мен Жасанды интеллект министрлігі автокөлік сату кезіндегі төлемді қауіпсіз ету жүйесін енгізуді жоспарлап отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл жаңашылдық цифрлық теңге жобалары аясында іске қосылады.

Ұлттық экономика министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, қазір ведомстволар автокөлік үшін төленген ақшаны оның ресми қайта тіркелуі аяқталғанша бұғаттап қоятын тетік сынақтан өткізіп жатыр. Жүйені 2026 жылдың сәуірінде іске қосу көзделген. Кейін осы тетік жылжымайтын мүлік саудасына да енгізіледі.

Сондай-ақ Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк жыл соңына дейін қазынашылық жүйелерін цифрлық теңге платформасымен ықпалдастыру моделін әзірлейді.

Бұған дейін цифрлық теңге толық қуатта желтоқсан айында жұмыс істейтіні хабарланған. Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен кеңесте цифрлық теңгенің тұрғын үй мен көлік саудасында, қымбат тауар сатып алуда және агросектордағы мемлекеттік несиелеу құралдарында қолданылатыны айтылды.