homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанға сырттан келетін тауар қымбаттап барады

26.11.2025, 12:05

Қазақстанға сырттан келетін тауарлардың бағасы қымбаттады. Ұлттық статистика бюросы әсіресе жуғыш және тазартқыш заттар, дәрі-дәрмек пен тұрмыстық тауарлардың құны айтарлықтай өскенін мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz LS.kz-ке сілтеме жасап. 

Статистикаға сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде импорттық тауарлар бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда орта есеппен 10 пайыз қымбаттаған. ТМД елдерінен жеткізілетін өнімнің бағасы 14,5 пайыз, ал басқа мемлекеттерден келетін тауарлар 7,4 пайыз өсті.

Азық-түлік ішінде ең үлкен өсім шоколад бағасында тіркелді: импорттық шоколад 1,5 есе қымбаттады. Өсімдік майлары 40 пайыз, көкөністер 36,5 пайыз, сүт өнімдері мен жұмыртқа 26,4 пайыз, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер 26 пайыз көтерілді. Алма, алмұрт және айва 22 пайызға, шұжық өнімдері 21,7 пайыз, қант пен тәттілер 21,7 пайыз қымбаттады. Балық пен теңіз өнімдері 18,8 пайыз, сусындар 17,2 пайызға, шай 15 пайыз өсті. Импортталатын ет пен ет өнімдері 12,4 пайыз ұлғайды.

Азық-түлік емес тауарлар да қымбаттады. Жуғыш және тазартқыш құралдар бағасы 24 пайыз, пиротехника және сіріңке 22,7 пайыз, тоқыма бұйымдары 22,3 пайыз, бояулар мен лактар және шпатлевка 21,7 пайыз, тыңайтқыштар 21,2 пайыз, ағаш және ағаш өнімдері 20,4 пайыз өсім көрсетті. Кітаптар 19,6 пайызға қымбаттады.

Сонымен қатар парфюмерия өнімдерін импорттау 17,2 пайыз, локомотивтер мен трамвай жабдықтарын әкелу 14,5 пайыз, фармацевтикалық өнімдерді сырттан сатып алу 11,7 пайыз, табиғи газ импорты 10 пайыз қымбаттады.