homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қытай мен Қазақстан шекарасына халықаралық әуежай салынбақ

26.11.2025, 11:31

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қытаймен шекарадағы жүк пен жолаушы қозғалысын көбейту үшін бірқатар ірі жобалар басталғанын айтты. Сол жобалардың ішіндегі ең ірісі – Хоргоста халықаралық әуежай салу деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Skyhansa компаниясына әуежай салуға 840 гектар жер берілген. Инвестиция көлемі 250 млрд теңге, 700 адамға жұмыс беріледі. Қазір әуежайдың инфрақұрылымына қатысты техникалық құжаттар дайындалып жатыр.

Khorgos Gateway терминалында да кеңейту жұмыстары өтті. Екі жол жаңарып, қосымша сегіз теміржол жолы салынды. Қазір терминалда 16 жол бар, өткізу мүмкіндігі шамамен 1,5 есе артты.

Әкімнің сөзінше, өңірдегі екі арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 76 млрд теңге болатын 40 жоба жүзеге асқан.

«Нұр Жолы» бекетінде көліктерді тез өткізу үшін тәулік бойы жұмыс тәртібі енгізіліп, электронды кезек жүйесі іске қосылған. Соның нәтижесінде бекеттің өткізу қабілеті екі есе өскен. Биыл 2,4 шақырымдық айналма жол салынды, ал бельгиялық Sarens компаниясы ауыр жүк көліктеріне арналған тағы бір айналма жол мен уақытша қойма тұрғызып жатыр.

Экспорт көлемін арттыру үшін «Алтынкөл – Жетіген» теміржолының екінші желісі салынып жатыр. Құжаттары әзірленуде. Бұл желі іске қосылғанда «Алтынкөл» стансасы тәулігіне 18 емес, 30 поезд қабылдай алады. Жүк тасымалы да шамамен екі есеге жуық өседі.

2027 жылдың соңына дейін облыста жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 65 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бұл жобаны жүзеге асыратын құрылым – қазақстандық-неміс бірлескен кәсіпорны екені бұған дейін хабарланған.