homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Түркістанда жалақыны субсидиялауға арналған 49 млн теңгені жымқырған

26.11.2025, 10:09

Түркістан қаласында жұмысқа орналастырылған азаматтардың жалақысын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын заңсыз иемдену ісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу қорытындысы бойынша «Еңбек мобильділігі орталығының» бұрынғы директоры, орталықтың «Жұмыс берушілерді қолдау» бөлімінің қызметкері және бірнеше кәсіпкер субсидияланатын жұмыс орындарына азаматтарды жалған тіркеу арқылы мемлекеттік қаржыны ұрлау схемасын құрған.

Орталықтың қызметкері кәсіпкерлердің электрондық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінім берген. Бұл өтінімдерде шындыққа жанаспайтын қызмет орындары көрсетілді. Кәсіпкерлер өз таныстары мен туыстарын тартып, мемлекеттік қолдау шараларына қатысады деген желеумен банктік шот ашуға үгіттеген.

Нәтижесінде 78 адам іс жүзінде жұмыс істемесе де «еңбекке орналастырылған» болып рәсімделген. Мемлекетке келтірілген шығын 49 млн теңгеден асты.

Сот үш негізгі қатысушыны 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Залал толық көлемде өтелгені хабарланды.