homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан "Лукойлға" салынған санкциялардың ықпалын азайтуға күш салып жатыр

26.11.2025, 09:33

Қазақстан билігі "Лукойл" компаниясына қатысты халықаралық санкциялардың ел жобаларына әсерін барынша төмендетуге бағытталған шараларды іске асырып келеді. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыпов Ақордадағы іс-шараның кулуарында айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, компанияға салынған санкциялар бойынша тәуекелдерді бақылау мен азайту жұмысы тоқтаусыз жүріп жатыр.

"Біздің кеңесшілер санкциялардың ықтимал теріс салдарын барынша төмендету үшін тұрақты жұмыс істеп отыр. Ақпарат үнемі жаңарып тұратындықтан, бұл — үздіксіз процесс. Комплаенс-қызметтер жағдайды жіті бақылап отыр", – деді Жақыпов.

Ол жалпы жағдайдың күрделі екенін атап өтті. АҚШ үкіметі "Лукойл" қатысатын Қазақстандағы бірқатар стратегиялық жобаларды санкциядан босатқан: Теңіз, Қарашығанақ және Каспий құбыр консорциумы. Дегенмен Қазақстан тарапынан тәуекелдерді азайту жұмыстары жалғасады.

"ҚазМұнайГаз" бен "Самұрық-Қазына" үшін туындауы мүмкін барлық салдарды барынша төмендету маңызды", – деді ол.

Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" Қарашығанақтағы "Лукойл" үлесін сатып алатыны туралы ақпаратты жоққа шығарған.

"Лукойл" Қазақстандағы бірқатар жобаларға қатысады: Қарашығанақ (13,5%), Теңіз (5%), КҚК (12,5%), Қаламқас-теңіз – Хазар (50%), Әл-Фараби Operating (49,99%). Ал "ҚазМұнайГаздың" үлесі Қарашығанақта – 10%, Теңізде – 20%, КҚК-да – 19%, Қаламқас-теңіз – Хазарда – 50% және Әл-Фараби Operating-де – 50,01%.