Астанада 24 қараша күні үйінен шығып, байланысқа шықпай кеткен оқушы қыз бірнеше сағатқа созылған іздестіру жұмыстарынан соң өзен жағасынан өлі табылды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полиция оқиғаны өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша тергеп жатыр.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қыздың жоғалғаны туралы хабар кешкісін түскен. Анасының айтуынша, ол шамамен 18:30 шамасында үйден шыққан, содан кейін телефон қоңырауларына мүлде жауап бермеген. Ата-анасы оны таба алмаған соң сағат 21:00 кезінде полицияға жүгінген.
Іздестіруге тәртіп сақшылары мен еріктілер тартылды. Олар тұрғын үй аумақтарын, қала маңын және жағалауды түгел қарап шықты. Бірнеше сағаттан кейін қыздың денесі өзен жағасынан табылды.
Полиция марқұмның неден және қандай жағдайда қаза тапқанын анықтап жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы тексерілуде.