Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов әлеуметтік маңызы бар жанармай түрлерінің бағасы 2026 жылдың наурызына дейін тұрақты қалатынын мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, АИ-92, дизель отыны және сұйытылған газға енгізілген мораторий сол мерзімге дейін сақталады.
Ақкенженов бензиннің бұл маркалары мемлекет тарапынан реттелетінін, ал АИ-95 пен АИ-98 бағасы нарыққа байланысты өзгеруі мүмкін екенін айтты.
Министр сұйытылған газға да дәл осындай шектеу қойылғанын нақтылады. Әдетте бұл өнімнің бағасы жылына екі рет қайта қаралатынына қарамастан, мораторий мерзімі аяқталғанша тариф өзгермейді.
Газ өндіру саласы қазір шығынмен жұмыс істеп тұр. Қолданыстағы тарифтер газ өндірушілерге де, өндіру компанияларына да табыс әкелмейді.
Министрлік жанармай және газ нарығын кезең-кезеңімен ырықтандыруға дайындалып жатыр. Бұл үдеріс мораторий аяқталғаннан кейін жалғаспақ.
Энергетика министрлігі бұған дейін АИ-92 мен дизель бағасының әр желідегі АЖҚС үшін жеке-жеке, 2025 жылғы 16 қазан күйінде бекітілгенін түсіндірген. Ел бойынша бірыңғай шекті баға енгізілмейді.