homepage
Фото: Reuters

АҚШ Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресеймен жасырын келіссөздер жүргізді

25.11.2025, 16:07

АҚШ армиясының министрі Дэн Дрисколл Трамп әкімшілігінің Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған жаңа бастамасы аясында Абу-Дабиде Ресей өкілдерімен жарияланбаған келіссөздер өткізді. Бұл ақпаратты америкалық шенеунікке сілтеме жасаған Reuters растады. Дрисколл сондай-ақ Абу-Дабиде украин делегациясымен де кездесуге тиіс екені айтылды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Келіссөздердің мазмұны ашылған жоқ, Ресей тарапынан кім қатысқаны да белгісіз. Бұл кездесу Вашингтон мен Киев арасында ұсынылған 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспар бойынша келіспейтін тұстар әлі көп кезде өтті. Украина Кремль талаптарына негізделген келісімге көнуден тартынатынын бірнеше рет мәлімдеген.

Келіссөздер жүріп жатқан уақытта Киевке түнде ондаған зымыран мен жүздеген дрон шабуыл жасап, кемінде алты адам қаза тапты. Қала тұрғындары түнді жерасты баспаналарында өткізген.

Зеленский: «Ең күрделі мәселелерді Трамппен талқылаймын»

Украина президенті Владимир Зеленский Женевадағы АҚШ–Украина келіссөздері жоспардағы «28 тармақтың бір бөлігі қысқартылғанын» және «дұрыс элементтер енгізілгенін» айтты. Бірақ «ең күрделі мәселелерді» Дональд Трамппен жеке талқылауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

АҚШ-тың жаңа бейбіт жоспары Киевке территориядан бас тартуды, әскеріне шектеу қоюды және НАТО-ға кіруден бас тартуды талап етеді. Украина бұл талаптарды бұрыннан қабылдамай келді.

Кремль: Трамп жоспары — келіссөздерге негіз бола алады

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ ұсынып отырған жобаны «келіссөздерге жақсы негіз» деп атады. Кремль Абу-Дабидегі кездесуге қатысты пікір білдіруден тартынып отыр.

Еуропа капитуляцияға қарсы

Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ ұсынып отырған жоспардың кей тұстарын талқылау қажет екенін айтты.

«Біз бейбітшілікті қолдаймыз, бірақ ол Украина үшін капитуляция болмауы тиіс», – деді Макрон. Оның айтуынша, тек Украина өзі қандай аумақтық келісімдерге бара алатынын шешеді.

Еуропадағы қауіп күшейіп келеді

Бұдан бөлек, Румыния Украина шекарасы маңында өз әуе кеңістігіне кірген дрондарды анықтау үшін жойғыш ұшақтарды әуеге көтерді. НАТО елдерінің аумағына белгісіз дрондардың енуі соңғы айларда жиілеген.