Қазақстанның үш ірі қаласында – Астана, Алматы және Шымкентте – қоқыс жағатын зауыттар салынады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, жобалар шетелдік инвестиция есебінен жүзеге асады. Инвесторлармен келісімдер биыл қол қойылған, жалпы инвестиция көлемі – 293 млрд теңге. Құрылыстың жоспарланған мерзімі – екі жыл.
Вице-министрдің түсіндіруінше, жаңа тұжырымдаманы тиімді жүзеге асыру үшін қалдықтарды басқару жүйесін институционалды тұрғыда күшейту қажет. Халықаралық тәжірбиеге сай «Жасыл даму» компаниясына Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы мәртебесін беру ұсынылып отыр. Орталық саланы цифрландырумен, нақты статистика қалыптастырумен, қалдықтардың қозғалысын бақылаумен және инвесторлар үшін ашықтықты қамтамасыз етумен айналысады.
Жобада қалдықтарды жүйелі басқаруға көшуге арналған нысаналы көрсеткіштер де бекітілген: радиоактивті қалдықтардан басқа барлық қалдықтың толық есебін жүргізу, өнеркәсіп қалдықтарын қайта пайдалануды 10 пайызға арттыру, полигондарға жөнелтілетін коммуналдық қалдық көлемін кемі 10 пайызға азайту.
Жомарт Әлиев бұл мақсаттарға жету үшін нақты жоспар әзірленгенін, оны орындау орталық және жергілікті органдардың үйлесімді жұмысын қажет ететінін айтты.