homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы шарықтап тұр

25.11.2025, 14:03

Қазақстанда авиабилеттердің құны айтарлықтай өсіп, жолаушылар үшін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Ұлттық статистика бюросының «Талдау» жүйесіндегі мәліметке сәйкес, 2025 жылғы қазанда эконом-класс бойынша жолаушылар әуе тасымалының тұтынушылық бағалар индексі 123,5 пайыз болды. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 2023 жылғы қарашада тіркелген деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Баға өсімі өңірлер арасында әрқалай. Көп облыста құн шамамен 20 пайызға артқан. Атырау және Маңғыстау облыстарында қымбаттау 44 пайыздан жоғары. Ал жалғыз арзандау тіркелген өңір — Абай облысы, мұнда авиабилеттер 7,5 пайызға төмендеген.

Әуе компаниялары билет бағасының күрт қымбаттауына қатысты ресми түсіндірме берген жоқ. Олар тек жаңа бағыттар ашу, әуе паркінің жаңаруы және қызмет сапасының артуы туралы хабарлаумен шектелді. Бұл өз кезегінде шығындардың артқанын көрсетеді.

Әуе билеттерінің қымбаттайтыны туралы алғашқы ескерту жазда вице-премьер Роман Скляр тарапынан айтылды. Ол мұны қосалқы бөлшектер мен авиакеросин бағасының өсуімен, әуе кемелерінің қымбаттауымен және салық өзгерістерімен байланыстырды.

Статистика әуе тасымалы саласында өсімнің жалғасып жатқанын да көрсетеді. 2024 жылы әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 8,6 пайызға, ал 2025 жылдың қаңтар–қазанында тағы 6,1 пайызға артқан. Он айда әуе қызметін 13,1 млн адам пайдаланған. Осы кезеңдегі әуе компанияларының табысы 756,7 млрд теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 9,1 пайызға көбейді.

Ішкі бағыттардағы табыс өсімі ерекше жоғары. 2024 жылы ел ішіндегі рейстерден түскен табыс 319,1 млрд теңгеге өсіп, 23,1 пайыздық өсім көрсетті. Халықаралық бағыттар бойынша табыс 11 пайызға артты.

Авиабилеттердің қымбаттауы бірнеше рет Үкімет пен Парламент деңгейінде талқыланды. Агенттік FlyArystan компаниясының билет құнын жасырын төлемдер арқылы өсіргенін анықтап, заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берген. Қазіргі уақытта ішкі әуе тасымалы нарығына қатысты антимонополиялық талдау жүріп жатыр.