homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда қаржы пирамидалары халыққа миллиардтаған шығын келтіріп отыр

25.11.2025, 11:07

Қазақстанда қаржы пирамидалары қаржылық қауіпсіздіктің ең үлкен қатерлерінің бірі болып тұр. Мемлекеттің бақылауы күшейіп, азаматтардың ақпараттылығы артса да, алаяқтық схемалар әлі де белсенді. 2024 жылы анықталған шығын көлемі 20 млрд теңгеге жетті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сарапшылар нақты шығын бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.

Ranking.kz мәліметінше, 2025 жылы мұндай құрылымдарға қарсы жұмыс айтарлықтай күшейді. Тоғыз айда қаржы пирамидалары белгілері бар 14,6 мың сайт бұғатталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,4 процентке көп.

Қаржы мониторингі агенттігінің деректері бойынша биылғы қаңтар–мамыр айларында 276 мың қатысушысы бар 43 заңсыз чат жабылды. Ел бойынша 36 қаржы пирамидасы анықталып, оларда 86 мыңнан астам азамат тіркелген. 19 жоба бойынша 46 тергеу аяқталды. Тәркіленген мүлік есебінен 12,5 млрд теңге өтелді.

24 қазан күнгі жағдай бойынша агенттікте 11 жоба бойынша тергеу жалғасуда, 43 жоба бойынша тергеу аяқталған, 54 жоба бойынша сот үкімі шыққан.

Сарапшылардың айтуынша, алаяқтық схемалардың таралу қарқыны бәсеңдеген жоқ. Қаржы пирамидалары әртүрлі атаумен жасырын жұмыс істейді: инвестициялық жобалар, оқыту платформалары, онлайн-клубтар немесе жоғары табыс уәде ететін компаниялар түрінде. Тұрақты жоғары табысқа уәде беру, қаржылық есептің ашық болмауы және жаңа салымшылар есебінен төлем жасау — олардың негізгі белгілері.

Қаржы ұйымын таңдағанда лицензиясын, тіркелу деректерін тексеру, түсініксіз жобаларға күмәнмен қарау — жалғыз тиімді қорғаныс жолы болып отыр.