Қазақстанда құны 300 млн АҚШ долларына бағаланатын жаңа теңіз порты салу жоспарланып отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді. Қытайлық инвестор өңірде компания тіркеп, инвестиялық келісімге қол қою үшін құжат дайындап жатыр.
Әкімнің айтуынша, жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» бағыты бойынша жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастырады. Порт іске қосылған жағдайда жүктерді жеткізу мерзімі 7–15 күнге қысқарып, тасымал шығындары 18–25 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Жоба жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов бизнес үшін инфрақұрылымы дайын, рәсімдері қарапайым және толық ашық жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Үкіметке 20 желтоқсанға дейін Индустриялық сауда-логистикалық кешен және «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы үшін арнайы экономикалық аймақ құру тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды. Ақтауда контейнерлік хаб салу жобасы да ерекше бақылауға алынды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Каспий дәлізін дамыту басты бағыттардың бірі екенін айтты. Оның айтуынша, Ақтау портындағы контейнерлік хаб пен Құрық портындағы «Саржа» терминалы СЭЗ «Ақтау теңіз порты» құрамына енгізілген. 19 гектар жер бөлініп, Ляньюньган портымен 47,6 млрд теңгелік инвестициялық келісім жасалған. Хабтың бірінші кезеңі іске қосылды, екінші кезеңі жыл соңына дейін аяқталады. Толық қуаттылық – 240 мың ДФЭ.
Сонымен қатар «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында бірінші кезең бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Мұнда ПВХ өнімдері, тамшылатып суару жүйелері, мақта, күріш және майлы дақылдарды өңдеу жобалары іске қосылады. Жалпы инвестиция — 185,1 млрд теңге.
Орал әуежайы маңындағы «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығында 140 млрд теңгеге 16 жоба жүзеге асырылмақ. «Қорғас» торабында 848,6 млрд теңге көлеміндегі 32 жоба іске асуда. «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттері жанындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен үшін 385,2 млн долларлық 18 жобадан тұратын пул жасақталған.
Барлық кешендер мен хабтардың негізгі іске қосылуы 2026 жылға жоспарланып отыр.