АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға тікелей қаржылай қолдауды тоқтатқанымен, НАТО елдеріне қару-жарақты сатуын жалғастыратын болады. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Президент Трамп соғысқа қаржылай қолдауды тоқтатты, бірақ АҚШ НАТО елдеріне қару өткізуін жалғастырып жатыр. Біз бұл жағдайды мәңгіге жалғастыра алмаймыз. Президент соғыстың тезірек аяқталуын қалайды» деп айтқан Ливитт.
Ресми ақпараттарға сәйкес, Вашингтон мен Киев делегациялары Женевадағы келіссөздерде 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды мұқият талқылады. Reuters агенттігі хабарлағандай, келіссөз барысында бірнеше тармақ бойынша ғана келіспеушілік орын алды.
Сондай-ақ, АҚШ-тың қару тапсырмау және қаржылай қолдауды тоқтату туралы шешімі Ресей-Украина қақтығысына қатысты АҚШ саясатындағы айтарлықтай өзгеріс ретінде қарастырылды. Европалық серіктестер бұл жағдайдан бейхабар болғаны үшін сынаған.
Бұл өзгеріс АҚШ-тың Украинаға тікелей қаржылай көмегін уақытша тоқтатқандығын көрсетеді, бірақ қару-жараққа қатысты жеткізілімдер мен НАТО арқылы жасалатын қарым-қатынас жалғасатын көрінеді.