homepage
Фото: Алексей Овечкин

Freedom Festival IV балет өнерінің ең жарқын жұлдыздарын жинады

24.11.2025, 13:35

21 және 23 қараша күндері Алматы мен Астана сахналарын балет өнерінің нағыз мерекесіне айналдырған FREEDOM FESTIVAL IV өтті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Шара биыл да өзінің басты ұстанымынан айнымай, классика мен заманауи хореографияны, қазақстандық және халықаралық труппаларды тоғыстырып, өнердің жаңа тынысын ұсынды.

Алматы төрінде - «Пахита» балеті
Алматыдағы Almaty Theatre сахнасында өтетін кеш «Астана Опера» театрының әйгілі «Пахита» балетімен ашылды. Спектакльдің жетекшісі – әлемдік балет жұлдызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Асылмұратова.


Ал бағдарламаның екінші бөлімінде көрермендерді ерекше жаңалық күтті: Германияның Berlin Ballet Company ұжымы Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетті. Труппа CHOREO X атты авторлық бағдарламасын әкелген. Бұл топтамада Марко Гёкке, Начо Дуато, Анжелен Прельжокаж, Аршак Галумян секілді танымал хореографтардың тың көзқарастағы қойылымдары біріктірілді.

Фестиваль қарсаңында, 19 қарашада, ұйымдастырушылар арнайы баспасөз конференциясын өткізді. Оған Freedom Finance Global директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Лукьянов, American Ballet Theatre труппасының прима-балеринасы Хлоя Миссельдайн және Staatsballett Berlin премьері Мартин тен Кортенаар қатысқан еді.
Сонымен қатар Berlin Ballet Company көркемдік жетекшісі Аршак Галумян мен жоба продюсері Данияр Шманов та журналистер сұрақтарына жауап берді.

Баспасөз жиынынан кейін балет әртістері дайындықты бастап, журналистер мен блогерлерге сахна артындағы процесті көруге, эксклюзив кадрлар түсіруге мүмкіндік берілді. 


«Freedom Festival - өнерді, өзіндік болмысты және балетке деген батыл көзқарасты біріктіретін дәстүрге айналды. Биыл біз классика мен заманауи хореографияны, қазақстандық артисттер мен шетелдік труппаларды тоғыстыра отырып, үйреншікті шекараларды кеңейтеміз. Мұндай үндестік - фестивальдің негізі. Ол - өнердің тірі тынысы, диалогқа, шабыт пен бірлікке деген ұмтылыстың көрінісі», - деді фестивальдің басты идеясы жайында Сергей Лукьянов.


Freedom Festival IV аясында дәстүрлі заманауи өнер көрмесі де өткенін айта кетейік. Биылғы арнайы қонақ – Қазақстан мен Өзбекстан атынан халықаралық арт-сахналарда танылып жүрген суретші Азиза Шаден. Ол көрерменге Өзбекстан Мәдениет пен өнерді дамыту қоры қолдаған бейнеинсталляциясын ұсынды. Жұмыс алғаш рет Бұхара биенналесінде көрсетілген, ал Қазақстанда енді ғана таныстырылмақ.
 

Теги: