Израиль Бейруттың оңтүстік бөлігіндегі Дахие ауданында әскерилер нысанаға алған әуе шабуылы нәтижесінде «Хезболла» ұйымының штаб бастығы Әли Табтабай қаза тапты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Израиль баспасөзі қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөздерге сүйеніп, Табтабайды ұйымның екінші адамы деп атады.
Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан кемінде бес адам қаза тауып, жиырма сегіз тұрғын жараланды. Зымыран көпқабатты үйге түскен. «Хезболла» жоғары лауазымды командир нысанаға алынғанын растады, бірақ есімін атамады.
Израиль тарапы операция «Хезболлаға» тиесілі инфрақұрылым мен ұйымның жарылғыш дрондарын өндіру мүмкіндігін қалпына келтіру әрекеттеріне қарсы бағытталғанын мәлімдеді. Израильдік дереккөздерге қарағанда, Таяу Шығыстағы шиеленісті арттыруы мүмкін қауіпке жол бермеу – операцияның басты мақсаты.
Ливан президенті Жозеф Аун халықаралық қауымдастықты шиеленісті азайтуға шақырып, елдің оңтүстігіндегі даулы аймақтарға қатысты ресми ұстанымды қайталады. Бейрут билігі жағдайдың аса тұрақсыз екенін және қақтығыстың жалғасуы тұтас аймаққа қауіп төндіретінін ескертті.
Қазіргі қақтығыс толқыны 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуылдардан кейін «Хезболланың» Израиль позицияларына зымыран атумен басталған. Ливан тарапының есебінше, Израиль соққылары салдарынан 4 мыңға жуық адам қаза тауып, 1,2 миллионнан астам тұрғын үйін тастап кетті. Израиль өз жағынан 80-нен аса сарбаз бен 47 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлады.
Әли Табтабай АҚШ-тың санкциялық тізімінде тұрған. 2016 жылы АҚШ оны халықаралық қауіп ретінде жариялап, ол туралы ақпарат берген адамға 5 миллион доллар сыйақы тағайындады.
Осыған дейін Израиль Газа секторында да әуе соққыларын жасап, АҚШ араағайын болған уақытша бітімді бұзды деп Хамасты айыптағаны хабарланды.