Абай облысында «ELL QUATY» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің өңірлік департаменті ұйымдастырушылар тұрғындарға «HALYK QUATY» тұтыну кооперативіне мүше болуды ұсынып, үй мен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеп алуға болады деп сендіргенін мәлімдеді. Соның негізінде мың жарымнан астам адам пай жарналарын енгізген.
Бұған дейін кооператив «HALYK» сауда белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылып, атауын «ELL QUATY» деп өзгерткен. Жаңа салымшыларды тарту үшін ұйымдастырушылар түрлі маркетингтік шаралар өткізіп, «Солнечная Турция» деген атаумен туристік жолдамаларды ұтысқа да қойған.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық жолмен түскен табысты жасыру үшін ұйымдастырушы өз атына «QAZ INFO MARKET» ЖШС-ін тіркеді. Пирамидаға тартылған салымшылар саны 1,5 мың адамнан асқан, жалпы келтірілген шығын көлемі 6,8 млрд теңгеге жетті.
Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.