homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда кеденінде 31 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталды

24.11.2025, 09:37

Қазақстанда биыл он ай ішінде жүргізілген кедендік тексерістердің басым бөлігінде заң бұзушылық анықталды. Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қаңтар–қазан айларында 830 тексеріс жүргізіліп, оның 81 пайызында сәйкессіздік табылған деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Qazaqparat мәліметінше, бұл тексерістердің нәтижесінде мемлекетке қосымша 31 млрд теңге көлемінде төлемдер есептелген, оның 24 млрд теңгесі өндірілген. Комитет былтырмен салыстырғанда өсім айтарлықтай көп екенін айтады. Қосымша есептелген төлем көлемі 172 пайызға, ал нақты өндірілген сомалар 266 пайызға артқан. Кеден саласындағы құқықбұзушылықтар бойынша 534 әкімшілік іс қозғалды.

Көбіне кездесетін заңбұзушылықтар — тауардың кедендік құнын төмендетіп көрсету (40%), тауарды ТН ВЭД бойынша қате жіктеу (20%), шектеуі бар тауарларды мақсатсыз пайдалану (11%), уақытша әкелу сияқты рәсім талаптарын бұзу (9%).

Кедендік декларацияда жалған немесе толық емес ақпарат көрсету Әкімшілік кодекстің 551-бабы бойынша жауапкершілікке әкеледі. Ал төленбеген кедендік төлемдер мен салықтар 10 000 АЕК-тен асса, Қылмыстық кодекстің 236-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бұған дейін кеден бекеттерінде импортталатын тауарларды тексеру үшін жасанды интеллект қолданылатыны хабарланған болатын.