Қазақстан бойынша такси құны биыл бір жыл бұрынғы деңгейден көп ауытқымады. Көптеген қалаларда тарифтер сол күйінде сақталып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Зерттеу Яндекс Go қызметінің «Эконом» тарифі негізінде жүргізілген. Есепке алғашқы километр құны және одан кейінгі әр километрдің бағасы алынған. Такси ақысы ауа райына, тәуліктің уақытына, сұраныс деңгейіне және қосымша талаптарға қарай құбылады.
Ең арзан такси Таразда. Мұнда алғашқы километр үшін 220 теңге төленеді, ал әрі қарайғы қашықтық 60 теңгеден аспайды. Одан кейін Екібастұз, Қызылорда және Түркістан келеді — бұл қалаларда бастапқы тариф 240 теңге. Бірақ келесі километрдің бағасы әртүрлі: Екібастұзда 65 теңге, Қызылордада 60 теңге, Түркістанда 55 теңге.
Ақтөбеде де баға өзгермеген: бастапқы төлем 270 теңге, одан кейінгі жолақы 60 теңге. Қостанай, Петропавл және Ақтауда алғашқы километр 280 теңге. Петропавлда кейінгі қашықтық қымбат — 70 теңге, Ақтауда 60 теңге.
Талдықорғанда бағалар сәл көтерілген: былтырғы 280 теңгенің орнына биыл 285 теңге. Әрі қарай 64 теңге. Павлодарда баға сол күйі 290 теңге және 64 теңге.
Орал мен Семейде алғашқы тариф — 300 теңге, одан кейін 64 және 65 теңге. Бұл қалаларда да баға бір жыл ішінде өзгермеген.
Шымкентте өсім байқалды: былтыр 290 теңгеден басталса, биыл 310 теңгеге жеткен. Кейінгі жолақы — 60 теңге. Атырау мен Қарағандыда бастапқы тариф 320 теңге. Алайда одан кейінгі әр километрдің бағасы айырмашылыққа ие: Қарағандыда 70 теңге, Атырауда 57 теңге.
Жезқазғанда алғашқы көтерілу — 370 теңге, бірақ ары қарайғы жолақы бар болғаны 50 теңге. Көкшетауда алғашқы төлем — 350 теңге, одан кейін 58 теңге.
Өскемен ең қымбат қалалардың бірі: алғашқы километр 370 теңге, әрі қарай 73 теңге. Бұл — ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Ең қымбат такси Алматы мен Астанада. Екі қалада да алғашқы километр 420 теңге. Бұл былтырғы деңгейден 20 теңгеге жоғары. Кейінгі жолақы — 65 теңге.
Жалпы алғанда, такси тарифтері ел бойынша тұрақты күйде қалды. Ең арзан бағыт — оңтүстіктегі және облыс орталықтарындағы қалаларда, ал ең қымбаты — Алматы, Астана және Өскеменде.