«Silk Way Star» халықаралық жобасының гранд-финалы өз мәресіне жетті. Биылғы музыкалық бәйгенің бас жүлдесі Моңғолия атынан қатысқан талантты әнші Мишель Джозефке бұйырды. Жеңімпазға марапатты әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген табыстады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Финалда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқыды.
Димаш әр қатысушы өз елінің мәдениеті мен рухани мұрасын әлемге жоғары деңгейде танытқанын атап өтті. Ал жеңімпаз Мишель Джозеф өзіне қолдау көрсеткен көрермендерге алғыс білдірді.
«Бұл жеңіс – 12 елдің мәдениетін тоғыстырған жобаның жарқын қорытындысы. Ол Жібек жолы бойындағы достық байланыстарды нығайта түсті», – делінген ресми хабарламада.
Финалда өнер көрсеткендер:
• Язмин Азиз (Малайзия)
• Мадинабону Адылова (Өзбекстан)
• Мишель Джозеф (Моңғолия)
• Автандил Абесламидзе (Грузия)
• ALEM (Қазақстан)
• Саро Геворгян (Армения)
• Чжан Хэ Сюань (Қытай)
Қуантатын жаңалық онлайн дауыс беру нәтижесінде қазақстандық әнші ALEM 80% қолдауға ие болып, екінші орынды еншіледі. Ол гранд-финалда авторлық туындысы «Көктемді» орындады.
Жеңімпаз 50% қазылар бағасы + 50% көрермен дауысы бойынша анықталды. Дауыс беру жүйесі «Евровидение» форматына негізделген.