homepage
Фото: gov.kz

Головкин World Boxing президенті болып сайланбақ

22.11.2025, 14:20

World Boxing алдағы Конгрессте өтетін сайлауға жіберілген үміткерлердің түпкілікті тізімін жариялап, ұйым президенттігіне жалғыз кандидат ретінде Геннадий Головкиннің тіркелгенін хабарлады. Конгресс 2025 жылдың 23 қарашасында Римде өтеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ұйым мәліметінше, үміткерлердің барлығы тәуелсіз бағалау комиссиясының тексерісінен өткен. Комиссия құрамында үш халықаралық сарапшы бар және оның жұмысына Sport Resolutions ұйымы қолдау көрсетеді. Қазан айында тапсырылған барлық өтініш қаралып, тек талаптарға толық сәйкес келетін тұлғалар ғана сайлауға жіберілді.

Жарғыға сәйкес, егер президенттікке жалғыз үміткер ұсынылса, Конгресс оны баламасыз түрде бекітеді. Осылайша Головкин ұйымды басқаруға бір ауыздан сайлануы мүмкін. Конгресс күн тәртібіне президенттен бөлек, вице-президент пен Атқарушы комитеттің екі мүшесін таңдау да енгізілген.

Вице-президент қызметіне Чайват Чотима (Таиланд), Иштван Ковач (Венгрия) және Райан О’Ши (Канада) ұсынылды. Ал Атқарушы комитет құрамына Мулуд Бузьян (Франция), Норберт Келлер (Бельгия), Иштван Ковач (Венгрия), Донатас Мачянскас (Литва), Михаэль Мюллер (Германия), Тацуя Накама (Жапония) және Райан О’Ши (Канада) үміткер ретінде тіркелді.

Конгрессті ұйым вице-президенті Дина Гликидис басқарады. Сайлау барысын ашықтықты қамтамасыз ету үшін тәуелсіз бақылаушылар қадағалайды.