homepage
Фото: Qazaqparat

Өскеменде ауаның ластануы күшейіп, негізгі себептер анықталды

22.11.2025, 12:17

Өскеменде соңғы айларда ауа сапасы айтарлықтай нашарлап, қала бірнеше рет қалың түтін астында қалды. Бұл туралы өңірлік экология мамандары мәлімдеді жеп хабарлайды Juzmedia.kz.

Qazaqparat мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Өскеменде 108 күн бойы желсіз ауа райы тіркелген. Соның салдарынан қалада зиянды қалдықтар төмен қабатта жиналып, нормадан бірнеше есе асып кеткен. Күкіртсутек деңгейі 2,6 есеге, күкірт диоксиді 1,37 есеге көтерілді.

Ауаның ластануына өнеркәсіп қана емес, көлік пен жеке сектор да үлкен үлес қосып отыр. Қалада әр 100 тұрғынға 36 автокөліктен келеді. Автокөліктерден шыққан қалдық көлемі жылына 90 мың тоннаға жуықтап, кейбір ірі кәсіпорындардан да асып түседі.

Жеке секторда да жағдай қиын. Соңғы 20 жылда жеке үйлердің саны 24 пайызға көбейгенімен, басым бөлігі әлі көмір жағады. Өскеменде жеке тұрғындардың көмір тұтынуы жылына 120 мыңнан 250 мың тоннаға дейін жетеді. Ал өнеркәсіптің жылдық шығарындылары шамамен 50 мың тонна.

Қаланы айнала қоршаған таулы рельеф зиянды қалдықтардың төмен қабатта қалып қоюына әсер етеді.

Мәселені шешу үшін қалада бірқатар шаралар қолға алынуда. Еуропа қайта құру және даму банкінің Green Cities бағдарламасы аясында Өскеменге ауа сапасын өлшейтін 10 жаңа датчик орнатылды. 2030 жылға дейін газдандыруды кеңейту көзделген. Бұған қоса, биыл автобус паркіне 62 жаңа көлік, оның ішінде 12 электробус қосылды.

Жеке үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Экология мамандары жағдайды жақсарту үшін өндіріс пен көлікке бақылауды күшейтумен қатар, жеке секторды газға көшіру және көмір тұтынуды азайту қажет екенін айтады.