Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ басшысы Дональд Трамптың Украина мәселесіне қатысты Вашингтон ұсынған бейбіт жоспар жөнінде тікелей келіссөз өткізетіні-өткізбейтіні, сондай-ақ алдағы коммуникацияның нақты форматы қандай болатыны әзірге анық емес. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, байланыс деңгейі де, келіссөз форматы да кейін анықталады. «Бұл әлі айқындалуы тиіс», — деді Песков.
Бұған дейін, 21 қарашада, Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ әзірлеген 28 тармақтық жоспарды егжей-тегжейлі талқылауға дайын екенін растаған. Ол құжат Украинаны реттеу бойынша «негіз бола алатынын» атап өтті. Путиннің сөзінше, осы жоспардың жекелеген тармақтары тамыз айындағы Аляска саммитіне дейін талқыланған.
Ал бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға бейбіт жоспарды қабылдау үшін келесі бейсенбіге дейін мерзім қойылғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, Владимир Зеленский бұл құжатты мақұлдауға мәжбүр болады.
Украина президенті бұған дейін АҚШ ұсынған соғысты тоқтату жоспарының жобасын алғанын, алдағы күндері Трамппен келіссөз өткізуге үміттенетінін айтқан. Алайда Ақ үй оның «соңғы нұсқа емес» екенін хабарлады.
Сонымен қатар Украина Жоғарғы Радасының депутаты Алексей Гончаренко Telegram-да АҚШ жоспарының 28 тармағын жариялады. Онда аумақтық шектер, елді қалпына келтіру және Украина мемлекетінің болашақ саяси мәртебесі қамтылған.