2025 жылдың қаңтар–қазан айында Қазақстанда небәрі 14,5 мың компьютер өндірілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 26,2 пайызға азайып, саланың айтарлықтай құлдырағанын көрсетеді. Ішкі сұраныстың басым бөлігі әлі де импорт есебінен өтеліп отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазақстанда 2025 жылдың он айында 14,5 мың компьютер шығарылды. Бір корпусқа біріктірілген процессор мен енгізу/шығару құрылғылары бар цифрлық есептеу машиналарының өндірісі былтырмен салыстырғанда 26,2 пайызға азайды. Бір жыл бұрын сала керісінше 2,3 есе өсім көрсеткен еді. Соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш пандемия жылы — 2020 жылы тіркелген (29,9 мың дана), ол кезде қашықтан жұмыс пен оқу компьютерге сұранысты күрт арттырған.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында отандық өндіріс ішкі сұраныстың тек 29,7 пайызын жапты. Импорттың үлесі — 70,3 пайыз. Бұл кезеңде Қазақстан 27,6 мың компьютер, ноутбук және өзге де құрылғы импорттады (30,6 пайызға аз). Ал ел ішінде 11,6 мың дана техника өндірілген (30,3 пайызға төмендеу).
Экспорт көлемі де мардымсыз. Барлығы 577 компьютер шетелге жөнелтілген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 22,6 пайызға аз. Ал ішкі нарықтағы сату 38,6 мың дана болып, 30,6 пайызға қысқарды.
Импорт құрылымында Қытай абсолютті басымдыққа ие: Қазақстанға әкелінген компьютерлік техниканың 90,5 пайызы (25 мың дана) — Қытайдан. Өзбекстаннан 708 дана, Ресейден 593 дана жеткізілген.
Экспорт бағыттары да шектеулі: өнімнің жартысынан көбі (327 дана) Қырғызстанға экспортталған. Ресейге — 195 дана, Өзбекстанға — 44 дана. Бірен-саран сандар БАӘ, Румыния, Германия, АҚШ, Норвегия, Малайзия, Таиланд және Тайваньға жіберілген.
Елге ноутбуктердің үлкен легі де кірген: 2025 жылдың сегіз айында 449,8 мың ноутбук және 22,8 мың дербес компьютер импортталған. Оның 90 пайызы — Қытайдан.
Әлемдік статистика да компьютер нарығындағы Қытай үстемдігін растайды. World’s Top Exports мәліметінше, 2024 жылы әлемдегі компьютер экспорты 532,5 млрд долларды құраса, оның 160,7 млрд доллары (30% астамы) Қытайға тиесілі. Тайвань, АҚШ, Гонконг, Мексика, Вьетнам, Сингапур, Нидерланды, Германия және Чехия да негізгі экспорттаушылар қатарында.
Қазақстан бұл тізімде 49-орында — 97,7 млн долларлық экспортпен. Бұл көрсеткіш Ресейден (27,3 млн), Өзбекстаннан (8,8 млн) және Қырғызстаннан (4 млн) әлдеқайда жоғары.