Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Украина бойынша бейбіт келісім жоспарын қолдайтынын растады. Бұл туралы мемлекет басшысы ресми мәлімдемесінде жариялап, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда аталған бастаманың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан жанжалдың ұзаққа созылуы бүкіл өңірлік қауіпсіздікке ықпал етіп отырғанын ескеріп, тиімді дипломатиялық бастамаларды қолдауға дайын.
«Ағымдағы күрделі геосаяси ахуалда мен АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украина жөніндегі жағдайды реттеу бастамаларын және ұсынған жоспарын қолдаймын. Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшіл ниетін толықтай қолдайды», — деді президент.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ әзірлеген жоспар жобасын алғанын мәлімдеген болатын.
Жоспардың толық мазмұны 28 тармақтан тұрады. Онда Украинаның саяси мәртебесі, қауіпсіздік кепілдіктері, аумақтық мәселелер, Ресеймен және Батыспен болашақ қарым-қатынас тәртібі қаралған.
Трамп жоспарының негізгі ережелері толық түрде төмендегідей:
1. Қауіпсіздік және Украинаның саяси мәртебесі
Жоспар Украина суверенитетін мойындайды, бірақ оның толық аумақтық тұтастығын емес.
Украина Конституциясына НАТО-ға қосылмау туралы норма енгізуі тиіс, ал НАТО ұйымы Украинаны болашақта қабылдамау жөнінде кепілдік береді.
Украинаға Еуропалық одаққа кіруге мүмкіндік беріледі.
Украина ядросыз мемлекет мәртебесінде қалады.
Қарулы күштердің саны шамамен 600 мың адам деңгейінде шектеледі.
Ел аумағында НАТО күштері орналаспайды, ал еуропалық жойғыш ұшақтар Польшада тұрады.
АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін береді, бірақ белгілі бір шарттармен.
2. Аумақтық мәселелер
Украина Донецк облысының қазіргі өзі бақылап отырған бөлігінен әскерін шығарады. Бұл аумақ Ресейдің бөлігі ретінде халықаралық деңгейде мойындалады, бірақ онда Ресей әскері тұрмайды. Аймақ бейтарап буферлік демилитаризацияланған аймаққа айналады.
Қырым, Донецк және Луганск облыстары де-факто Ресей аумағы ретінде мойындалады — оған АҚШ та кіреді.
Херсон мен Запорожье облыстарында қазіргі майдан шебі «қатып» қалады, яғни жаңа шекара ретінде бекітіледі.
Ресей осы бес өңірден тыс жерде бақылап отырған аумақтардан бас тартады.
Запорожьедегі АЭС МАГАТЭ бақылауымен жұмысын қайта бастайды, ал өндірілген электр энергиясының 50%-ы Украинаға, 50%-ы Ресейге беріледі.
Украина мен Ресей күш қолдану арқылы келісімді өзгертуге тыйым салатын міндеттемелер алады.
Ресей Украинаға және Еуропаға қарсы шабуыл жасамау туралы саясатын заң жүзінде бекітеді.
3. Украинаға ұсынылатын пакет
«Ғаламдық қуатты пакет» көзделген, нақты сомасы аталмайды.
АҚШ Украина газ инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектеседі.
Ресейдің мұздатылған активтерінің 100 млрд доллары (жалпы 300 млрд доллардың ішінен) Украинаны қалпына келтіруге жұмсалады.
Бұл қаражаттан түскен табыстың 50%-ын АҚШ алады.
Еуропа қосымша 100 млрд доллар бөледі.
Қалған ресейлік активтер АҚШ-Ресей бірлескен жобаларына бағытталады.
4. Ресей алатын жеңілдіктер
Әлемдік экономикаға қайта қосылу;
санкциялардың біртіндеп алынуы;
G8 құрамына оралу;
АҚШ-пен ұзақмерзімді экономикалық келісім жасау.
Келісім энергетика, табиғи ресурстар, Арктика, жасанды интеллект және өзге де стратегиялық салаларды қамтиды.
Трамп ұсынған құжат әзірге ресми түрде жарияланған жоқ, алайда бірнеше беделді халықаралық басылым жоспардың мазмұнын дереккөздер арқылы растады.
Қазақстан бұл бастамаға қолдау білдірген алғашқы мемлекеттердің бірі болды.