homepage

Алаяқтар Перизат Қайраттың фейк-сұхбатын пайдалана бастады

Juzmedia. kz
21.11.2024, 20:22

Әлеуметтік желілерде белсенді тұлға және қоғамдық қайырымдылық қор құрылтайшысы Перизат Қайраттың сұхбаты жарияланды. Онда ол ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі таққан барлық айыптарды жоққа шығарған екен. Бұл - алаяқтар адамдарды алдау үшін қолданатын фейк сұхбат,  деп хабарлайды Juzmedia.kz порталы StopFake.kz-ке сілтеме жасап.

Посттың тақырыбы қызықты және онда қазақстандық «жаңалықтар сайтына» сілтеме жасалған. Мұқият қарасақ, сайттың домені ұлттық .kz емес, халықаралық .org екенін байқауға болады. Ал жаңалықтар порталы .kz доменін пайдаланады.

«Қылмыскерлер неғұрлым сенімдірек болуы үшін қазақстандық интернет-басылымның басты бетін толығымен көшіріп алған», - делінген хабарламада.

Сұхбат мәтінінде алаяқтар «пассивті кіріс» ұсына отырып, танымал қазақстандық банктің бағдарламасын жарнамалайды. Шын мәнінде, бұл бағдарламаның қаржы институтына ешқандай қатысы жоқ, ол қылмыстық схеманың бір бөлігі.   

«Киберқылмыскерлер жалған сайтта тез арада дивиденд төленетінін айтып, өтінім толтыруды ұсынады. Олардың қулығына түсіп қалмаңыз: күмәнді сауалнамаларды толтырмаңыз және оңай пайда табуды ұсынған бейтаныс адамдарға сенбеңіз.

Шындығында, белсендіге тағылған айыптар жоққа шығарылған жоқ, ал ақпараттың өзі алаяқтық схеманың бір бөлігі болып табылады. Алаяқтардың көздеген мақсаты – жеке деректеріңіз бен ақшаңызды иемдену үшін сізді жалған сайтқа тарту», - делінген хабарламада.

Еске салайық, 14 қарашада ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайраттың ұсталғанын, кейін ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде жиналған 1,5 млрд теңгені ұрлады деген күдікпен қамауға алынғанын хабарлаған болатын. Ал 16 қарашада оның тағы 200 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.