homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Ұлттық кино өндірісі өрлеп, сонымен бірге кино билеті де қымбаттап келеді

21.11.2025, 15:04

Қазақстанда қысқы маусым алдында кино билеттерінің бағасы тағы да өсе бастады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, 2025 жылдың қазанында киносеансқа бір рет барудың құны бір жылда 12,9 пайызға қымбаттады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бағаның үдеуі қыркүйектен бастап байқалған. Статистиканың көпжылдық динамикасы бойынша бұл құбылыс екінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Кинотеатрларға сұраныс ең жоғары болатын кезең — қазан, қараша және желтоқсан айлары.

Ел бойынша кино билеттің орташа бағасы қазанда 2,4 мың теңге болған. Дегенмен өңірлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай үлкен. Мәселен, Семейде билет құны 1,6 мың теңге болса, Өскеменде ол 3,1 мың теңгеге жеткен. Бұл — Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. Экономикалық жағынан ірі қалалар Астана мен Алматыда баға төменірек: тиісінше 2,8 мың және 2,3 мың теңге.

Кино көрсетудің жалпы көлемі де артып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында кинотеатрлар көрсеткен қызмет көлемі 21,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 30,5 пайызға көбейген. Сала 2020 жылғы дағдарыстан кейін жыл сайын өсім көрсетуде.

Кинотеатрлардың табысы тек шетелдік фильмдерден емес, отандық өнімдерден де артып отыр. 2024 жылы кинотеатр қызметінің жалпы түсімі 43,6 млрд теңге болған. Оның 24,2 млрд теңгесі — шетелдік фильмдерден, 17,6 млрд теңгесі — қазақстандық фильмдерден түскен табыс. Ұлттық кино көрсетілімі бір жылда 19,3 пайызға өскен.

Көрермендердің саны да артқан. 2024 жылы кинотеатрларға барғандар саны 23,3 млн адамға жетіп, 10,9 пайыз өсім көрсеткен. Ал киносеанс саны 6 пайызға азайған. Бұл қысқару негізгі түрде шетелдік фильмдердің көрсетілімінің төмендеуімен байланысты, ал отандық фильмдер саны 10,7 пайызға артқан.

2024 жылы елде 113 кинотеатр жұмыс істеген. Оның 81-і — көпэкранды, 28-і — бір экранды нысандар. Салаға салынған инвестициялар да айтарлықтай өскен: бір жылда 1,3 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге дейін, яғни 2,4 есе артқан. Алайда бұл қарқын тұрақты емес — жылдар арасындағы айырмашылық үлкен. Инвестицияның 80 пайыздан астамы Алматы қаласына тиесілі.