homepage
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Армения сауда және көлік бағыттарын кеңейтуге ниетті

21.11.2025, 12:31

Астанаға ресми сапармен келген Армения премьер-министрі Никол Пашинян бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сапар аясындағы келіссөздер екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жандандыруға бағытталмақ. Саяси сарапшы Денис Жиляевтың Jibek Joly радиосына айтуынша, тараптар сауда, логистика және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылайды.

Армения мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2025 жылдың алғашқы жартысында 41,6 млн долларды ғана құраған. Бұл ЕАЭО елдері арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Соған қарамастан, соңғы айларда екіжақты сауда айтарлықтай қозғалыс танытты. Қазақстан 30 жылдан кейін алғаш рет Арменияға қайтадан бидай экспорттай бастады. Пилоттық партиялардың сапасы жоғары бағаланды.

Екі ел арасындағы экспорт құрылымы да өзгеріп жатыр. Қазақстан косметика мен тұрмыстық тауарлар экспортын 2–3 есеге дейін арттырса, Армения Қазақстанға алкоголь өнімдерін, соның ішінде шамамен 400 тонна таза спирт көлеміндегі өнім жеткізуді көбейтті. Сондай-ақ биыл Қазақстан армян өндірісіндегі шамамен 360 касса аппаратын сатып алды.

Келіссөздерде көлік дәліздері де талқылануы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, Кавказ арқылы өтетін түркі логистикалық бағыты, сондай-ақ Армения мен Әзербайжан арасындағы соңғы келісімдер маңызды тақырыптардың бірі болмақ. Жиляев: «Бұл — Армения мен Әзербайжан арасындағы тәуелсіз әрі қорғалған маршрут» — деп сипаттады.

Қазақстан үшін бұл бағыт транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сарапшының пікірінше, егер Әзербайжанмен келісім жасалып, жылына 5–7 млн тонна мұнай осы дәлізбен тасымалданса, бұл Қазақстан үшін айтарлықтай экономикалық тиімділік береді.

Сапар барысында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде Арменияның ОДКБ-дағы статусы да қозғалу ықтимал. Жиляев бұл ұйымнан Армения ресми түрде әлі шықпағанын еске салды.

Пашинянның сапары мемлекеттік деңгейде өтуде және кеңейтілген құрамдағы делегациялар қатысатын толық форматтағы келіссөздер жоспарланды. Ресми күн тәртібі әлі жарияланбағанмен, соңғы апталардағы дипломатиялық белсенділік екі елдің стратегиялық серіктестікке ұмтылысын көрсетіп отыр.