homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан «Бәйтерек» холдингі арқылы экономикалық өсімді жеделдетпек

21.11.2025, 12:01

Үкімет 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар бағдарламасында «Бәйтерек» холдингін экономиканы қаржыландырудың негізгі тетігі ретінде бекітті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бағдарлама инфляцияны төмендету, ішкі өндірісті ұлғайту және халық табысының орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта «Бәйтерек» холдингі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, нақты секторға ірі көлемде кредит беретін негізгі институтқа айналады.

2026 жылы холдингті 1 трлн теңгеге капиталдандыру жалғасады. Бұл өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымдағы басым жобаларды қолдауға жол ашады. Холдинг жыл сайын ішкі және сыртқы қаржы нарықтарынан 7 трлн теңгеге дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр.

Биыл кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі 8 трлн теңгеге жетеді. Оның ішінде 5,7 трлн теңге кәсіпкерлерге бағытталды. 1,7 трлн теңгемен 9,6 мың шағын және орта бизнес жобасы қаржыландырылды, ауыл шаруашылығында 14 мың өндірушіге 860,3 млрд теңге берілді. Нәтижесінде 29 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды, ал экономика өсіміне 1,3 пайыздық тармақ қосылды.

Алдағы жылдары холдинг жоғары өнімді, экспортты ұлғайтатын және импортқа тәуелділікті азайтатын өндірістерге басымдық береді. Тау-кен металлургиясы, машина жасау, мұнай-газ химиясы, энергетика және туризм салаларында 15–20 ірі инвестициялық жоба қалыптастыру көзделген.

Агроөңдеуді қолдау да күшейеді. АӨК-де қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жыл сайын ауыл шаруашылығының қайта өңдеу саласында 100-ден астам жаңа жоба іске қосылмақ.

Инвестициялық белсенділікті арттыру үшін холдингте бірыңғай инвестициялық терезе құрылып, жобаларды іріктеу, құрылымдау және сүйемелдеу бір орталықтан жүргізіледі.

«Бәйтерек» шағын және орта бизнесті қолдауды да кеңейтеді. Кепілдік беру тетіктері белсенді қолданылып, қаржыландыру нақты сұранысы бар салаларға бағытталады. Импортты алмастыру, отандық өндіріс, энергетика және көлік инфрақұрылымы бағыттарындағы жобалар өңірлердің қажеттілігіне қарай «инвестицияларға тапсырыс» моделі арқылы жүзеге асады.