homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

«Богатырь Көмір» 123 млн теңге жымқырды деп айыпталды

21.11.2025, 11:38

Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті «Богатырь Көмір» компаниясында ірі көлемде ақша жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚМА мәліметінше, компанияның жарғылық капиталының 50 пайызы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі. Тергеу барысында бірнеше коммерциялық компания басшыларының тобы кәсіпорынға бұрын қолданылған қосалқы бөлшектерді жаңа өнім ретінде өткізу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Жоспарды жүзеге асыру үшін «Богатырь Көмірдің» тауар қабылдау бөлімінің қызметкері тартылған. Ол қоймаға әкелінген ескі бөлшектерді еш кедергісіз қабылдап, олардың техникалық талаптарға сәйкес екенін формалды түрде растаған.

Екі жыл бойы жалған сәйкестік сертификаттары арқылы реакторлар, цилиндр блоктары, автосцепкалар және тежегіш жүйесінің бөлшектері жаңа өнім ретінде өткізілген. Салдарынан кәсіпорынға 123 млн теңге залал келді.

Тергеу дерегінше, алынған ақша аффилиирленген жеке кәсіпкерлер мен компаниялар арқылы жалған келісімшарттар негізінде сыртқа шығарылып, қолма-қолға айналдырылған. Тінту барысында күдіктілерден 27 млн теңге қолма-қол ақша табылып, тәркіленді.

Сот санкциясымен күдіктілердің Cadillac Escalade, Range Rover және Toyota Land Cruiser 250 көліктерін қоса алғанда, алты автокөлігіне тыйым салынды.