Түркістан облысында ветеринария қызметінің мамандары мен ауыл тұрғыны 271 млн теңге субсидияны жымқырғаны үшін сотталды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, аудандық ветеринария саласының төрт қызметкері ауыл тұрғынымен келісіп, ақпараттық жүйеге іс жүзінде болмаған 100 мыңға жуық ұсақ малды шаруа қожалықтарының атына заңсыз тіркеген. Сол арқылы мемлекеттен бөлінген субсидияны алаяқтық жолмен иемденіп, өзара бөліскен.
Түркістан қаласының соты кінәлі деп танылған бес адамның төртеуін 5,2 жылға бас бостандығынан айырды. Бір адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, кейін рақымшылық актісі қолданылған. Мемлекет пайдасына 50 млн теңге өндіріліп, 120 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды.
Прокуратура субсидия жымқыру ауыр қылмыс екенін, мұндай әрекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті.