Үкімет отырысында азық-түлік бағасы негізгі тақырыптардың біріне айналды. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік себеттегі тауарларға толық талдау жүргізуді, жеткізу тізбектерінің ашықтығын арттыруды және делдалдарды қысқартуды тапсырды. Бұл бағаның тұрақтануына ықпал етуі тиіс деп хабарлайды Juzmedia.kz.
LS жүргізген талдау 2022–2025 жылдары әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы біркелкі өзгермегенін көрсетті. Ең айқын өсім ет өнімдерінде байқалды. 2022 жылы 1 кг сиыр еті орта есеппен 2,3 мың теңге болса, 2023–2024 жылдары 2,5 мың теңге шамасында болды. Ал биыл баға күрт көтеріліп, 3,2 мың теңгеге жетті. Тауық еті де үздіксіз қымбаттап, үш жылда 1,2 мыңнан 1,5 мың теңгеге көтерілген.
Сүт өнімдері мен жұмыртқа да біртіндеп қымбаттады. 2,5% пастерленген сүттің литрі 2022 жылғы 324 теңгеден биыл 431 теңгеге дейін өсті. 10 даналық I санаттағы жұмыртқа 450 теңгеден 562 теңгеге дейін көтерілді. Картоп пен сәбіз де қымбаттады: картоп 151 теңгеден 188 теңгеге, сәбіз 144 теңгеден 179 теңгеге жеткен.
Нан мен жармадағы өзгеріс баяуырақ болғанымен, өсім бар. I сортты ұннан жасалған нан 2023 жылы аздап арзандағанымен, кейін қайта қымбаттап, 210 теңгеге жеткен. Макарон бір кезеңде қымбаттап, биыл аздап арзандап 309 теңге болды.
Кей өнімдер керісінше арзандаған. Күнбағыс майы 2022 жылы литрі 901 теңге болса, екі жыл қатарынан арзандап, 684 теңгеге дейін түскен. Алайда биыл баға қайта көтеріліп, 852 теңге болды — бірақ 2022 жылғы деңгейден төмен. Күріш нарығында да құбылмалылық байқалды: 2023 жылы 330 теңгеден 480 теңгеге күрт көтеріліп, биыл 396 теңгеге төмендеген.
Сауда министрлігі картоп бағасының өсуін экспорттың қайта жандануымен, ал жұмыртқа мен құс еті бағасының өсуін жемнің қымбаттауы және импорттық компоненттермен байланыстырады.