Сенат «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет» жобасын Мәжіліске кері қайтарды. Сенаторлар құжатқа бірқатар түзету енгізіп, шығыстарды 2026 жылы 50 млрд теңгеге арттыруды ұсынған. Бұл қаражат үкімет резерві мен қарызды өтеу шығындары есебінен жабылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сенатор Сұлтанбек Макежановтың айтуынша, келесі жылғы ЖІӨ өсімі 5,4 пайыз деп жоспарланғанымен, экономиканың өсуі әлі де бюджет қаражатына тәуелді. Оның сөзінше, экономиканың құрылымы өзгермей, негізгі салалар — кен өндіру, көлік, құрылыс және сауда бұрынғыдай жетекші рөл атқарып отыр. Ол инфляцияның күрт үдеуі (қарашада 12,9%) фискалдық саясаттың теңгерімсіздігін көрсетеді деді.
2026 жылы салық түсімдері 3,6 трлн теңгеге өседі деп күтілгенімен, олардың ЖІӨ-дегі үлесі 10,5 пайыздан 2028 жылға қарай 10,1 пайызға дейін төмендейді. Мемлекеттік бюджет табыстарының үлесі де азаяды. Сенатор бұл жағдай 2030 жылға қарай бюджет кірістерін ЖІӨ-нің 18 пайызына жеткізу жоспарына күмән тудыратынын айтты.
Мемлекеттік қарызға қатысты да қауіптер бар. Макежановтың сөзінше, қарызды жаңа қарызбен жабу тәжірибесі және жергілікті атқарушы органдардың борышының өсу қаупі елдің қаржылық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. 2026 жылғы кепілдендірілген мемлекеттік қарыз 4 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 2,2 пайызына жетеді.
Сенатор «Самұрық-Қазына» дивидендтерінің республикалық бюджетке түспеуін де сынға алды. Оның айтуынша, холдингтің жоспарланған 557 млрд теңге дивидендінің 279 млрд теңгесі әлеуметтік жобаларға жұмсалады. Бұл қаражаттың бюджеттен тыс қайта бөлінуіне әкеліп, квазимемлекеттік сектордың тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Бюджеттік жоспарлау сапасына қатысты да сын айтылды. Мысалы, 40 шекара бөлімшесін салуда шығын 87,7 млрд теңгеден 113,7 млрд теңгеге дейін өскен. Су ресурстары министрлігі де бірқатар нысанның құрылысына уақытында кіріспей, 24,3 млрд теңге тұратын жобаларды кешеуілдеткен.
Сенат енгізген түзетулерге сәйкес, жылу инфрақұрылымын дамытуға — 37,9 млрд теңге, электр және жылу энергетикасына — 7,7 млрд теңге, су ресурстарына — 8,9 млрд теңге бөлінеді. Газ тасымалдау жүйесін жаңартуға 5,5 млрд теңге, жағалауды бекіту жұмыстарына 2,2 млрд теңге қарастырылған.
Құжат Мәжіліске қайта қарауға жолданды.