homepage
Фото:Ukimet

Қазақстан үкіметі мемлекеттік қарыздың өсіміне қатысты ұстанымын түсіндірді

20.11.2025, 17:24

Сенат отырысында республикалық бюджет шығындары мен мемлекеттік борышты өтеуге кететін қаражат талқыланды. Сенатор Сұлтанбек Макежанов 2026 жылы бюджет шығындарының 27,7 трлн теңгеге жететінін, оның 3,5 трлн теңгесі — қарызды өтеуге жұмсалатынын атап өтті. Бұл жалпы шығындардың 12 пайызына тең. 2028 жылы бұл көрсеткіш 4,6 трлн теңгеге дейін өсіп, 15 пайызға жетпек. Ол қарызды өтеуге жұмсалатын шығындардың 2030 жылға қарай бюджет шығындарының 10 пайызынан аспауға тиіс деген талап орындалмай қалуы мүмкін екенін айтып, қандай шаралар қабылданатынын сұрады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қарыздың қазіргі деңгейі ЖІӨ-нің 23,6 пайызы екенін мәлімдеді. Халықаралық әдіснама бойынша бұл деңгей төмен көрсеткіш саналады. Бектенов Қазақстан қарызды қауіпсіз шекте ұстап тұруы керектігін айтып, үкімет осы бағытта жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қарыз тек коммерциялық жағынан тиімді, өзін ақтайтын жобаларға тартылуы тиіс. Мысал ретінде ведомство жол құрылыстарын келтіреді: сыртқы қарыз есебінен салынған ақылы жолдар кейін бюджетке түсім әкеледі және қарызды өтеуге мүмкіндік береді. 2023 жылы ақылы жолдардан 48 млрд теңге түскен, оның 10 млрд теңгесі — транзиттік шетелдік көліктерден. Биыл он айда түсім 72 млрд теңгеге жеткен.

Премьер инфрақұрылым салынған жерде экономикалық белсенділік артатынын атап өтті: жол бойында жанармай бекеттері, тамақтану орындары салынып, жұмыс орындары мен салық түсімі көбейеді. Сондықтан сыртқы қарызды дұрыс бағытқа жұмсау экономикалық өсімді ынталандырады.

Бектенов шығындарды оңтайландыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Келесі үш жылдық бюджетте базалық шығындар 15 пайыздан 12 пайызға дейін қысқартылды. Ал әлеуметтік төлемдер мен қолдау шаралары бюджет шығындарының шамамен 60 пайызын құрайды. Республикалық бюджетте бұл көрсеткіш көп жылдар бойы 40 пайыздан жоғары болып келген, келесі кезеңге жоспарлау кезінде 38 пайызға дейін төмендетілген. Премьер әлеуметтік көмекті тек объективті түрде жұмыс істей алмайтын азаматтар алатынын атап өтті.

Сонымен қатар елде мемлекеттік қарызды басқару офисі құрылатыны хабарланды. Бұған дейін мәжіліс депутаты Татьяна Савельева үкіметтің қарызға қатысты көзқарасы нақты жағдайды толық ашпайтынын айтқан еді.