homepage
Фото: Reuters.com

Украинаға ұсынылған АҚШ жоспары аумақтан бас тартуды қамтиды

20.11.2025, 16:06

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Украинаға соғысты тоқтатуға арналған Вашингтон әзірлеген құрылымды қабылдау қажеттігін жеткізген. Бұл жоспар Киевтің аумақтан бас тартуын және әскер санын қысқартуын талап етеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ ұсынған нұсқаулардың ішінде Украина қарулы күштерін азайту, кей аумақтар бойынша бас тартуға бару сияқты тармақтар барын айтты. Бұл Киев үшін ауыр соққы болмақ, себебі Ресей шығыста шабуылды жалғастырып жатыр, ал Украинада министрлердің қызметтен кетуіне әкелген сыбайлас жемқорлық дауы өршіген.

Вашингтон ресми түсініктеме бермеді. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мәлімдемесінде күрделі соғысты тоқтату үшін «екі тараптан да ауыр, бірақ шынайы ұсыныстар қажет» екенін атап өтті. Украина тарапы АҚШ–Ресей арасында талқыланған жоспарлар туралы «сигналдар» ғана алғанын, процесте рөл ойнамағанын айтты.

Владимир Зеленский Түркияда президент Режеп Тайып Ердоғанмен кездесу кезінде АҚШ-тың көшбасшылық рөлі маңызды екенін мәлімдеді. Ол соғыстың аяқталуы АҚШ пен Трамптың шешім қабылдау қабілетіне тікелей байланысты екенін айтты. Ердоған өз тарапынан келіссөздерге алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Соғыс жүріп жатқан кезде украин облигацияларының бағасы АҚШ бастамаларына байланысты күрт өскені хабарланды. Дегенмен Ресей өзінің шарттарынан бас тартатын ешқандай белгі көрсеткен жоқ. Мәскеу бұрынғы талаптарын — НАТО-ға мүше болмау және Ресей аннексиялаған төрт облыстан әскерді әкету — сол күйінде ұстап отыр.

Ресей армиясы қазіргі уақытта Украина аумағының шамамен 19 пайызын бақылауда ұстап, қыстың жақындауына байланысты энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарын жиілеткен.

Axios таратқан мәлімет бойынша, АҚШ жоспары Украина бақыламайтын шығыс өңірлеріне қатысты аумақтық келісімге баруды, есесіне Киев пен Еуропаға АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуды қарастыруы мүмкін. Еуропалық дипломаттар бұл ұсыныс Киевке қысым ретінде қабылдануы ықтимал екенін айтты.

АҚШ армиясының делегациясы, оның ішінде армия штабының басшысы Рэнди Джордж бен армия министрі Дэн Дрисколл Киевте Зеленскиймен кездесіп, жағдайды талқыламақ. Делегация «жағдайды анықтау миссиясымен» келгені хабарланды.