Қазақстанда қоғамдық орындарда азаматтарды рұқсатсыз түсіруге қатысты талаптарды қатаңдату бастамасы көтерілді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады деп жазады Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, норманы қайта қарау блогерлер мен пранкерлердің рұқсатсыз түсірілімдерінің көбейіп кетуімен байланысты. Ол адамдардың келісімінсіз кез келген жерде түсіру әдеп нормаларын бұзып қана қоймай, құқықтық тәуекел туғызатынын айтты. Сондықтан бұл мәселе бойынша жаңа құқықтық шектеулер енгізу талқыланбақ.
Жаңа ұсынысқа сәйкес, адам қоғамдық орында болғанымен, егер ол жария іс-шараға қатыспаса немесе лауазымды тұлға болмаса, оның бейнесін рұқсатсыз жариялауға тыйым салынуы мүмкін. Балаева бұл норманы журналистердің қатысуымен жұмыс тобы бірлесіп қарайтынын, шектен тыс тыйым салу емес, нақты тәртіп орнату мақсат етілетінін айтты.
Қолданыстағы заңда да адамның келбетін келісімсіз жариялауға тыйым салынғанымен, түсірілімнің өзі қоғамдық орындарда шектелмеген. Енді министрлік кімді, қандай жағдайда түсіруге болатынын нақтылайтын түзетулер әзірлемек.
Балаева пікірінше, бұл өзгерістер азаматтардың жеке өмірін қорғау мен сапалы ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға бағытталған.