Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Астана мен Алматыдағы заңсыз салынған тұрғын үй кешендері бойынша Бас прокуратураға жүгінді. Ол екі қалада сот шешімімен сүрілуі тиіс бірқатар кешендер әлі күнге дейін орнында тұрғанын айтып, жауапты органдардың әрекетсіздігін сынға алды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутат алдымен Алматыдағы «Швейцария» тұрғын үй кешенінің мысалын келтірді. Бұл жерде 150 үлескер зардап шекті. Бес үй бау-бақшаға арналған жерге заңсыз тұрғызылған, рұқсат қағаздары болмаған. 2023 жылы сот кешенді сүру туралы шешім шығарғанымен, Отбасы банк 2022 жылға дейін азаматтарға осы кешеннен пәтер алуға кредит беруді жалғастырған. Нәтижесінде 50-ден астам адам қаржылай шығынға ұшырады. Базарбек банк қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етті.
Астанадағы «Монблан» кешені де 2023 жылдан бері сүрілмей тұр. Депутаттың айтуынша, жер иесі арнайы техниканы кіргізбей, сүруге кедергі келтірді. Осыған ұқсас жағдай 20 тұрғын үй кешені бойынша байқалады. Базарбек сот шешімдері орындалмай отырғанын айтып, «Кім сүруден қашып отыр?» деген сұрақ қойды.
Депутат Алматы ипподромының болашағына қатысты да алаңдаушылық білдірді. Ол шымкенттік ипподромның жекешелендіріліп, элиталы тұрғын үйлерге айналып кеткенін еске салып, Алматыда да жағдай қайталануы мүмкін екенін айтты. Ипподром аумағы рекреациялық аймақ ретінде бекітілуі тиіс екенін жеткізді.
Сонымен бірге Астанадағы Талдыкөл көлдер жүйесі маңындағы заңсыз құрылыс мәселесі көтерілді. Депутат қала әкімдігі мен министрлікке су қорғау аймақтарын дереу белгілеуді талап етті. Оның айтуынша, 2025 жылы бекітілген жол картасына қарамастан, нақты жұмыс жүргізілмей отыр.
Базарбек Бас прокуратурадан «Швейцария» ісі бойынша Отбасы банк қызметкерлерін, сондай-ақ рұқсат құжаттарын берген Алматы әкімдігі қызметкерлерін жауапқа тарту мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Сонымен бірге сүрілуі тиіс 20 нысан бойынша сот шешімдерінің орындалуын талап етті.
Мәжілісмен қорытындысында ипподромның жекешелендірілу заңдылығын тексеруді, ал оның аумағын 2026 жылғы генжоспар түзету кезінде рекреациялық аймақ ретінде белгілеуді ұсынды.