Қазақстанда күнбағыс майы өндірісі биыл да ұлғайып, қаңтар–қазан аралығында 622 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,4 пайызға көп деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Негізгі өсім рафинадталмаған майға тиесілі болды: оның өндірісі 24,5 пайызға өсіп, 488,6 мың тоннаға жетті. Рафинадталған май көлемі бір жылда 15,2 пайызға артып, 133,5 мың тонна болды. Еліміздің зауыттары ішкі сұраныс пен экспорт бойынша қажеттілікті 84,1 пайыз қамтамасыз етті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 87 пайыз еді. Осыған байланысты импорттың үлесі 13 пайыздан 15,9 пайызға өсіп, көлемі 59,3 пайызға ұлғайып, 98,8 мың тоннаға жетті.
Экспорт та жоғары қарқынмен өсіп отыр. Қаңтар–тамыз аралығында Қазақстан 444,3 мың тонна күнбағыс майын сыртқа шығарып, бұл көрсеткіш бір жылда 47 пайызға артқан. Ішкі нарықтағы өткізу көлемі небәрі 1,6 пайыз өсіп, 178,4 мың тонна болды.
Тұрғындардың тұтынуы да көбейген. Биылғы қаңтар–маусымда әр қазақстандық орта есеппен 7 литр күнбағыс майын пайдаланалы. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға көп. Бір жыл бұрын тұтыну көлемі 2,1 пайызға төмендеген еді.
Баға көрсеткіштері де өсім бағытында. Қазан айында күнбағыс майы бір айда 0,2 пайызға қымбаттаған. Бұл қарқын өткен айдағы 1,2 пайыз және өткен жылдың қазанындағы 2,4 пайыздық өсімнен төмен. Соған қарамастан күнбағыс майы 15 ай қатарынан қымбаттап келеді. Ең айқын баға өсімі биылғы қаңтарда — 3,9 пайыз тіркелді.
Жылдық есепте күнбағыс майының бағасы 24,2 пайызға көтерілген. Бір жыл бұрын, керісінше, оның құны 9,2 пайызға төмендеген еді. Өңірлер бойынша да май барлық жерде қымбаттаған. Ең жоғары өсім Қарағанды облысында (34,2%), Ақтөбе облысында (33%) және Ұлытау облысында (33%) байқалды. Ең төмен өсім Астанада (16,9%), Түркістан облысында (18%) және Ақмола облысында (18,7%) тіркелді.
Қазан айында бір литр күнбағыс майының орташа бағасы 847 теңге болды. Ең қымбат өнім Жезқазғанда (945 теңге), Ақтауда (908 теңге), Алматыда (903 теңге), Астанада (901 теңге) және Қонаевта (900 теңге) сатылған. Ең арзан баға Түркістанда (769 теңге), Шымкентте (773 теңге) және Көкшетауда (792 теңге) тіркелді.