Қазақстан ТМД елдері арасында жоғары білімге ие азаматтардың үлесі бойынша бірінші орынға шықты. Статкомитет жариялаған халық санағы деректеріне сүйенсек, 15 жастан асқан әр мың қазақстандықтың 276-сы — жоғары оқу орнының дипломы бар азамат деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Салыстыру үшін Ресейде бұл көрсеткіш 267 адамды, Беларусьте 266 адамды құрады. Ең төмен үлес Тәжікстан (72) және Түрікменстанда (81) тіркелді. Қазақстан 40–49 жас аралығындағы азаматтар арасында айқын көшбасшы: бұл жастағы әр мың адамның 356-сы жоғары білімді. Ал басқа жас топтарында Ресей мен Беларусь алда тұр.
Орта арнаулы білім бойынша Беларусь бірінші орынға шыққан — әр мың адамның 306-сы колледж немесе техникалық оқу орнын бітірген. Қазақстанда бұл көрсеткіш — 280. Тәжікстан мен Армения осы санатта соңғы орында тұр.
Сарапшылар Тәжікстандағы жағдайды мысалға келтіреді: халық саны 10,9 млн бола тұра, бір жылда жоғары оқу орындарын небәрі 45,7 мың адам бітірді. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда 15 пайызға төмендеген. Ал Беларусьте (халық саны 9,1 млн) түлектер саны — 53,7 мың адам. ТМД бойынша 2024 жылы 1,4 млн адам жоғары білім алған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 пайызға аз. Қазақстан 147,4 мың түлекпен үшінші орынға шықты.
Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде де Қазақстан алдыңғы қатарда: колледждер мен лицейлерді 158,7 мың адам тәмамдап, ТМД бойынша Ресейден кейінгі екінші орынға орналасты.
Білім сапасы бойынша ТМД елдері ішінде Ресей алда тұр: халықаралық Worldostats рейтингінде 2025 жылы 36-орынға (0,85 индекс) шыққан. Қазақстан 49-орында (0,82). Қырғызстан (0,76) мен Өзбекстан (0,73) төменгі қатарда, ал ең нашар көрсеткіш Тәжікстанға тиесілі — 107-орын және білім индексі 0,68.
Статкомитет деректері Қазақстанның жалпы білім деңгейі бойынша аймақтағы үздік позициясын тағы бір мәрте растады.