Қазақстанның сыртқы қарызы 2025 жылдың маусымында 172,8 млрд долларға өсіп, жылдық есепте 3,6 пайызға артты. Қарыздың 71 пайызы жекеменшік секторға тиесілі деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Halyk Finance таратқан талдауға сәйкес, сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 59,2 пайыз болып, өткен жылғы 56,6 пайыздан көтерілген. Сарапшылар мұны ЖІӨ өсіміне қарағанда қарыздың тезірек артуымен байланыстырады. Ұқсас экономикалармен салыстырғанда бұл көрсеткіш Ресейде 13,4 пайыз, Өзбекстанда 55,7 пайыз болған. Ал дамыған мемлекеттер қатарындағы АҚШ-та сыртқы қарыз көлемі ЖІӨ-нің 124,3 пайызына тең.
Қарыз құрылымында жекеменшік сектор негізгі үлесті ұстап тұр: барлық сыртқы қарыздың 71 пайызы осы секторға тиесілі. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың үлесі 29 пайыз шамасында. Дегенмен елдегі қарыз өсімінің басым бөлігін дәл осы мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар қамтамасыз еткен — олардың сыртқы міндеттемелері бір жылда 8 пайызға артқан. Жекеменшік сектордағы өсім 2 пайыз деңгейінде қалды.
Сыртқы қарыздың 53,6 пайызы тікелей инвестициялар шеңберіндегі ішкі корпоративтік қарыздан тұрады. Бұл — шетелдік бас компаниялардың Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарына берген қарыздары, сондықтан мұндай міндеттемелердің Қазақстанға формалды түрде ғана тіркелетіні атап өтіледі. Салалық бөліністе мұндай берешектің 79 пайызы мұнай және газ өндіру секторындағы компанияларға тиесілі, оның көлемі 72,8 млрд долларды құрайды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.